
Адам көркі шүберек. Әдемі киім кигенді барлық адам ұнатады. Біреулер сән қуып ең соңғы үлгідегі киімдер киеді. Сол сәнді киімдерді тігіп, өзіндік стилін әлемге танытқан сән мамандары – киім дизайнерлері. Киім дизайнері болу үшін нені білу керек? Киім дизайнерінің атқаратын жұмыстары жайлы толығырақ білу үшін осы мақаланы ұсынамыз. Дизайнер (ағыл.design-жоба, сызба, эскиз; designer- жобалаушы.)- жеңіл өнеркәсіп маманы. Киім дизайнері атауы XIX-XX ғасырларда сән саласы жаңа дамып бастағанда пайда болған. Қазіргі кезде сән саласындағы негізгі мамандық иелері – дизайнер мен модельер. Киім дизайнері – жаңа сән үлгілерін ойластырушы маман. Алдағы уақытта қандай киімдер сәнді болуын, жаңа киімнің үлгісі, түсі, пішіні, матасын киім дизайнер жобалайды. Дизайнер ұсынған үлгінің өңдеу (детальдарының өлшемі, безендіру) істерін модельер орындайды. Осы екі жұмысты бірдей атқаратын маманды дизайнер-модельер деп атайды. Негізі екеуі де бір мамандық.
